Орталық Азия тау аймағында биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау бойынша 5 жылдық бағдарлама басталды. Ол жануарлар мен өсімдіктердің 30-дан астам сирек кездесетін түрлерін сақтауға көмектеседі. Олардың ішінде: қар барысы, бұхар бұғысы, уриал, амудария лопатоносы және басқалары бар.
Бағдарламаның басталуына байланысты Алматыда 2019 жылғы 11 желтоқсанда БАҚ қатысуымен таңғы ас өтті. Журналистер барлық қызықтыратын сұрақтарды қоя алды. Оларға жауаптар берілді:
- Григорий Мазманянц, WWF Ортаазиялық бағдарламаның директоры
- Джамила Асанова, Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының атқарушы директоры (АРГО).
- Даниэль Ротберг, биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау Серіктестік қорының гранттар жөніндегі директоры (CEPF).
- Джек Тордофф, биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау Серіктестік Қорының Басқарушы директоры (CEPF).
- Ольга Переладова, WWF Орталық Азия бағдарламасының ғылыми кеңесшісі.
- Елизавета Протас, WWF жобасының жетекшісі.
Бағдарлама бойынша ондаған қорықтар, ұлттық парктер мен бірегей ландшафттар да қорғауға алынады. Қазір бүкіл әлемде биоалуантүрліліктің 1 500-ден астам негізгі аумағы бар, Орталық Азия таулы аймағында олардың 145-і шоғырланған.
Бағдарламаның жалпы бюджеті – 8 миллион АҚШ доллары. Ол француз даму агенттігінің, Conservation International ұйымының, Еуропалық Одақтың, Жаһандық экологиялық қордың, Жапония Үкіметінің және Дүниежүзілік банктің бірлескен бастамасы болып табылады және оны биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау Серіктестік қоры қаржыландырады. Қордың негізгі мақсаттарының бірі биоалуантүрлілікті сақтауға азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.
WWF Орталық Азиядағы Бағдарламаның үйлестірушісі болады. WWF-тің серіктесі ретінде Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы (АРГО) шағын гранттар бағдарламасын басқаруға қатысады және КЕҰ- Бағдарламаға қатысушыларының әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. АРГО-ның атқарушы директоры Джамила Асанова өңірлік команданың бағдарламаны жүзеге асыру мәселелерін талқылау үшін Алматыда жиналғанын айтты.
«Бағдарламаның веб-порталы пайда болады. Онда біз барлық пайдалы және қолжетімді ақпаратты жариялаймыз, КЕҰ WEB-академиясының онлайн курстары коммерциялық емес ұйымдарды оқыту үшін қолжетімді болады. Біз оң шешім қабылдадық. Экологиялық ұйымдарға көмектесеміз және биоалуантүрлілікті сақтау ісінде үлкен пайда әкеледі деп үміттенеміз», — деді Джамила Касимовна.
Бағдарламаның өзі Қазақстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда және Ауғанстанда жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдарға гранттар бөлуді көздейді. Өкінішке орай, Қытайда жұмыс істейтін ұйымдар Бағдарламаға қосыла алмады.
«CEPF жұмысы өте маңызды. Биологиялық алуантүрліліктің негізгі аумақтары – бұл миллиондаған адамдарға арналған үй, олардың әл-ауқаты қоршаған ортаның жағдайына байланысты, – деп түсіндірді бағдарлама басталғанда Даниэль Ротберг. – Табиғат қорғау қызметін жаһандық қаржыландырудың едәуір бөлігі үкіметтерге бағытталса да, тәжірибе биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарында орналасқан дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде жергілікті азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау биоалуантүрлілікті сақтау саласында неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді нәтижелер беретінін көрсетеді. Үкіметтік емес топтар жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуге стандартты емес көзқарас танытуда. Бұл оларды мемлекеттің сенімді серіктестері етеді, өйткені олар және басқалары жергілікті қоғамдастық мүддесінде және сонымен қатар жаһандық мақсаттарға қол жеткізу мүддесінде өмірлік маңызды ресурстарды сақтауға мүдделі».
Коммерциялық емес ұйымдарға гранттар екі түрде беріледі деп жоспарлануда.
- Шағын – 20 мың АҚШ долларына дейін.
- Ірі – 150 мың АҚШ долларына дейін.
Биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау Серіктестік қорының тәжірибесі осындай гранттық бағдарламалар өңірде биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді негізде азаматтық қоғамның дамуына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Қосымша ақпарат.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) – ең ірі тәуелсіз халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының бірі. Ол 5 миллионнан астам тұрақты жақтастарды біріктіреді және әлемнің 100-ден астам елінде 6 құрлықта жұмыс істейді. WWF халықаралық хатшылығы Швейцарияда орналасқан.
CEPF хатшылығы АҚШ-тағы Вашингтонда табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық қоғамда (Conservation International) орналасқан. CEPF қызметі басталған сәттен бастап 92 ел мен аумақтан 2 363 грант алушыға 243 миллион АҚШ долларын берді. Осының нәтижесінде ол биоалуантүрліліктің 46.5 миллион гектар негізгі аумағын басқаруды жақсарта алды.